Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы: тарихи контекст және әлеуметтік-гуманитарлық өлшем» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының 1 шілдеден бастап күшіне енуіне орай жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылды. Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдар қатысып, Ата Заңның жаңартылған редакциясының тарихи маңызы мен елдің құқықтық және қоғамдық дамуындағы рөлін талқылады.

Осы күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ғылыми қауымдастық өкілдеріне Конституцияның жаңа редакциясын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Аталған республикалық іс-шарамен үндес ұйымдастырылған дөңгелек үстелді университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы ашып, жаңартылған Конституцияның ел дамуы үшін стратегиялық маңызына тоқталды.

– «Ғылыми қауымдастық үшін бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Конституциялық реформаның мәнін ғылыми тұрғыдан зерделеп, оны студент жастарға кең тарихи және саяси контексте түсіндіру – жоғары мектеп оқытушыларының маңызды міндеті. Жаңартылған Конституция – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жүйелі реформалардың құқықтық негізі», – деді университет басшысы.

Дөңгелек үстелді Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бақытжан Сапаров жүргізіп, жаңа редакциядағы Конституцияның қоғамның орнықты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

Жиын барысында Тарих кафедрасы мен Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессор-оқытушылары Конституциядағы өзгерістердің ғылыми және қоғамдық маңызына тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Берлібай Ердәулет «Ата Заң – қоғам дамуының темірқазығы» тақырыбында баяндама жасап, конституциялық реформалардың тарихи негіздері мен жаңа редакциядағы негізгі өзгерістерге жан-жақты талдау ұсынды.

Шара соңында қатысушылар Конституцияның жаңа редакциясы еліміздің құқықтық негізін нығайтып, қоғамдық үдерістерге тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ Ата Заңда ғылым мен білімге басымдық берілуі университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, сапалы білім беру мен іргелі зерттеулерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылды.