Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Тұрлыханқызы Құлсариева мен Аппарат басшысы Бота Саматқызы Кожина Қытай Халық Республикасының Циндао қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Циндао университетінің басшылығымен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

1909 жылы негізі қаланған Циндао университеті бүгінде Қытайдың жетекші көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университет құрамында 25 институт жұмыс істейді және халықаралық академиялық кеңістікте жоғары беделге ие. Білім ордасы Times Higher Education World University Rankings рейтингі бойынша әлемнің үздік 601–800 университетінің қатарына енсе, Academic Ranking of World Universities (ShanghaiRanking, ARWU 2025) жаһандық рейтингінде 301–400-орындар аралығында орналасқан.

Екіжақты кездесулерде тараптар жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту, тәжірибе алмасуды жандандыру, халықаралық интеграцияны тереңдету және білім мен ғылым саласындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылады.

Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» және 17-мақсаты – «Мақсаттар үшін серіктестік» бағыттарына сәйкес келіп, жоғары білім сапасын арттыру мен халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.