Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану институты мен Польша Республикасының Слупск қаласындағы Поморск университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында қос диплом бағдарламасы іске қосылды.

Осы маңызды бастамаға орай Жаратылыстану институтының директоры, профессор Байташева Гауһар Өмірәліқызы Поморск университетінің ректоры, профессор, доктор Збигнев Осадовскиймен арнайы кездесу өткізді.

Басқосудың негізгі нәтижесі ретінде тараптар «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша қос диплом беру туралы келісімге ресми түрде қол қойды. Бұл құжат білім алушыларға екі университеттің бағдарламаларын қатар меңгеріп, халықаралық үлгідегі қос диплом алуға, кәсіби біліктілігін арттыруға және әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуға жол ашады.

Поморск университетінің ректоры, профессор Збигнев Осадовский серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, бұл қадам екіжақты ғылыми-академиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Жиында профессор Гауһар Байташева екі оқу орны арасындағы академиялық ұтқырлық нәтижелері мен университет жетістіктерін баяндады. Өз кезегінде поляк тарапы «Биология» бағыты бойынша ғылыми зертханалармен және материалдық-техникалық базамен танысып, оқу үдерісінің ерекшеліктерін қарастырды.