Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Педагогтік  қайта даярлау курсын аяқтаған 65 тыңдаушыға  арнайы сертификаттар табысталды.

Курс аясында тыңдаушылар заманауи педагогиканың негізгі бағыттарын, оқыту әдістемелері мен білім беру технологияларын теориялық және практикалық тұрғыда меңгерді.

Салтанатты шарада Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Сәбит Құрманжанұлы түлектерді құттықтап, кәсіби өсу мен шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ  бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысқан оқытушылар құрамына университет Ректорының атынан Алғыс хаттар табыс етті.

Мерекелік рәсімде Филология институтының директоры Айгүл Сәтбекова да сөз сөйлеп, біліктілігін арттырған педагогтердің алған тәжірибесі еліміздің білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, университет жанындағы Біліктілікті арттыру және формалды  емес білім беру орталығы жүйелі жұмыс істеп келеді. Орталық Педагогтік қайта даярлау курсы бойынша 14 бағытта педагог мамандарын даярлайды.