Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу жылының ең ауқымды әрі айтулы оқиғаларының бірі – бітіруші түлектерге диплом табыстау салтанаты өз мәресіне жетті.

Биыл бұл маңызды шара алғаш рет бес мың адамға арналған Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында ұйымдастырылды.

Университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен олардың ата-аналары бас қосқан салтанатты кеш Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен ашылды.

Министр өз құттықтауында: «Бүгінгі түлек – еліміздің ертеңі мен болашақ дамуының басты қозғаушы күші. Бәсекеге қабілетті тұлға болудың негізгі шарты – ғылымға терең бойлау және озық технологияларды еркін меңгеру. Білім мен ғылым жолындағы қадамдарыңыз сәтті, кәсіби белестеріңіз биік болсын!» – деп, ізгі тілегін жеткізді.

Салтанатты рәсімде Университеттің Директорлар кеңесінің Төрағасы Өксикбаев Омархан Нұртайұлы мен Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы құттықтау сөз сөйлеп, үздік түлектерге диплом табыстады.

                                        

Шара барысында Ректор университет түлектеріне 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымын салтанатты түрде табыстады. Ректор жас мамандардың университетте алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, Конституция қағидаттарын берік ұстанатын, жауапты әрі білікті азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.

Биыл университеттің бакалавриат бағдарламасын 2520 студент тәмамдады. Оның ішінде 566 түлек үздік диплом иегері атанды. Бітірушілер қатарында Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген 13 шетелдік студент бар. Сонымен қатар, 112 магистрантқа магистр дәрежесін растайтын диплом табысталды.

                                      

Ауқымды салтанатты шараның алғашқы бөлігінде Педагогика және психология институтының түлектері марапатталса, кейінгі бөлімдерде Филология, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер, Жаратылыстану, сондай-ақ Физика, математика және цифрлық технологиялар институттарының бітірушілеріне дипломдар табысталды.

Мерекелік кеш университеттің шығармашылық ұжымдары ұсынған хореографиялық қойылымдармен, танымал эстрада өнерпаздарының әндерімен және перзенттерінің қуанышына ортақтасқан ата-аналардың жүрекжарды лебіздерімен қорытындыланды.