Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы «Ұлы дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Ділмұрат Уразбаев Астана қаласындағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығына жұмыс сапарымен барып, шағатай тілінде жазылған құнды қолжазбалармен танысты.

Іссапар барысында қазақ тіліне әлі аударылмаған сирек жазба мұралар айқындалып, оларды ғылыми айналымға енгізу мақсатында бірқатар қолжазбаның цифрлық көшірмелері әзірленді. Қолжазбалар сканерленіп, электрондық форматқа көшірілді.

Зерттеу барысында ғылыми тұрғыдан құнды бірқатар жазба деректерге назар аударылды. Солардың қатарында Қасым ханның жұбайы Айша Сұлтан ханымға қатысты «Рисәлә» атты еңбек, сондай-ақ «Оғызнама» және түркі халықтарының тарихы мен рухани мұрасына қатысты басқа да сирек қолжазбалар бар.
Алынған электрондық көшірмелер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапхана қорына енгізіліп, оларды мәтінтану, деректану және тарихи тұрғыдан кешенді зерттеуге мүмкіндік туды.
Аталған жұмыстар бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген жазба деректерді зерттеуге, олардың ғылыми құндылығын анықтауға және отандық тарих ғылымының дереккөз қорын толықтыруға ықпал етеді.

