Бүгін, 20 шілде – мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін талапкерлердің өтініш қабылдауының соңғы күні.
Осыған орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы Қабылдау комиссиясының мүшелерімен кездесіп, жауапты кезеңде құжат қабылдау науқанын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ұжымға алғыс білдірді.
Сонымен қатар университет басшысы Қабылдау комиссиясының алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, құжаттарды түгендеу мен мұрағаттау, конкурстан өткен талапкерлердің тізімін бекіту, нәтижелерді уақытылы жариялау және талапкерлерге хабарлау жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетейік, 13–20 шілде аралығында университетке мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін 10 мыңнан астам өтініш қабылданды.
Құрметті талапкерлер!
Бүгін – білім беру гранты конкурсына құжат қабылдаудың соңғы күні. Қабылдау комиссиясы сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Өтініш беріп үлгеріңіздер! Мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмаңыздар!
Жоғары оқу орнының коды: 025
Байланыс орталығы: +7 727 237 0077
