Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының студенттері мен Digital Lady технопаркінің қызметкерлері Almaty Hub алаңында өткен IT Talks және Pizza Pitch іс-шараларына қатысып, технологиялық кәсіпкерлік пен стартап экожүйесінің заманауи үрдістерімен танысты.

IT Talks, яғни ақпараттық технологиялар мен технологиялық кәсіпкерлікке арналған сараптамалық кездесу алаңында  кәсіпкерлер іс-шара  қатысушыларына  бизнесті қалыптастыру, стартаптарды дамыту, инновациялық өнімдерді нарыққа шығару және жобаларды ауқымдылығын арттыру   бағытында өз тәжірибелерімен  бөлісті. JET, Clockster, Royal Flowers және Prometei компанияларының негізін қалаушылар өздерінің кәсіби жолы туралы, маңызды стратегиялық  шешімдерін де ашық айтып, ой  бөлісті.

Pizza Pitch сессиясы студенттерге стартап жобаларын таныстырудың ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.Early-stage стартаптары  өз жобаларын сарапшылар алдында қорғап, кәсіби кері байланыс жасап,  идеяларын дәлелді түрде ұсынуы арқылы  қатысушылар үшін нағыз тәжірибе алаңына айналды.  Сонымен қатар студенттер тиімді питч жасаудың құрылымын, жобаны қысқа әрі мазмұнды таныстыру тәсілдерін және инвесторлар мен сарапшылардың назарын аударудың негізгі қағидаларын меңгерді.

Мұндай іс-шаралар университетте қалыптасып келе жатқан «білім – технология – инновация – кәсіпкерлік» экожүйесін дамытуға ықпал етіп, білім алушылардың шығармашылық және инновациялық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ олардың идеяларын нақты жобалар мен стартаптарға айналдыруға қолайлы орта қалыптастырады.

Digital Lady технопаркі мен Almaty Hub-тың әріптестік қарым- қатынас  орнатуы - технологиялық кәсіпті  дамытуға, студенттік бастамаларды қолдауға, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген инновациялық жобаларды ілгерілетуге және жастардың кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.