Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне The University of Hong Kong Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы және белгілі мемлекеттік сарапшы Ли Хой Саймон ресми сапармен келді.
Мәртебелі қонақты университет Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова мен басқарма мүшелері қабылдап, тараптар екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндіктерін қарастырды.


Серіктестік аясында академиялық ұтқырлықты жандандыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ педагогикалық білім мен цифрлық технологиялар саласында тәжірибе алмасу мәселелері сарапқа салынды.
Басқосуда QyzPU Ректоры Бейбіткүл Кәрімова серіктестіктің маңызын атап өтіп: «Біз Гонконгтың жоғары оқу орындарымен әріптестікке айрықша мән береміз. Сіздің ғылымдағы бай тәжірибеңіз бен сарапшылық әлеуетіңізді университетіміздің білім беру және зерттеу бағыттарын дамытуға, студенттер мен жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашуға пайдаланудың маңызы зор. Осы ретте біз педагогика, білім берудегі инновациялар, цифрлық технологиялар мен көшбасшылық салаларында ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді.

Өз кезегінде доктор Ли Хой Саймон елдегі қыздардың білімі мен ғылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстарға жоғары баға беріп:
«Ғылым мен білім саласында қыздардың әлеуетін арттыру және осындай іргелі университет базасында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау – айрықша маңызға ие. Бұл ретте біз оқытушылар құрамы мен студенттерді қолдауға, екіжақты өнімді серіктестікті орнықтыруға ниеттіміз», – деп атап өтті.
- Доктор Ли Хой Саймон – конституциялық құқық, мемлекеттік басқару және білім беру салаларына маманданған ғалым, Цинхуа университетінің заң ғылымдарының докторы әрі The University of Hong Kong Кеңесінің мүшесі. Оның халықаралық даму мен стратегиялық зерттеулер бағытындағы нәтижелі ғылыми-қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, Гонконг Үкіметінің бірқатар мемлекеттік марапаттары мен құрметті атақтарына ие болған.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-академиялық байланыстарды нығайтуға және алдағы уақытта бірлескен халықаралық бастамаларды жүзеге асыруға келісті.

