Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасының қызметкерлері Корея Республикасының Пусан қаласында өткен Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясының (ИФЛА) 90-шы Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне қатысты.

«Кітапханалар – трансформацияның қозғаушы күші» тақырыбында өткен ауқымды жиынға 111 елден 3 мыңнан астам маман жиналып, саладағы заманауи тенденцияларды талқылады.

Кітапхана директорының орынбасары П.М. Лапо мен бас кітапханашы Аяулым Несіпбай секция отырыстарын жүргізіп, өз презентацияларын ұсынды. Сонымен қатар ИФЛА басшылығымен және шетелдік әріптестермен жұмыс кездесулерін өткізіп, академиялық кітапханаларды дамытудың басым бағыттарын сараптады.

Ауқымды шара аясында кітапхана ісіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, ашық ғылымды дамыту, ақпараттық сауаттылық, киберқауіпсіздік, мәдени мұраны сақтау және инклюзивті орта қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Халықаралық конгресте сарапталған озық цифрлық технологиялар мен AI-құралдары Сералы Қаниев атындағы кітапхана жұмысын заман талабына сай жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл университет оқытушылары, студенттері мен зерттеушілеріне көрсетілетін ақпараттық қызмет сапасын арттырып, цифрлық білім беру ортасын одан әрі жетілдірмек.