Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Гаухар Байташева дайындаған «Экология және тұрақты даму» курсы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан мақұлданып, халықаралық Coursera платформасына орналастырылды.

Аталған курстың мақсаты – экология ғылымының негіздерін, экожүйелер құрылымын, биоалуантүрлілікті сақтау және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) кешенді меңгерту.

Білім алушылар бейнедәрістер, практикалық тапсырмалар мен форумдық талқылаулар арқылы климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми тұрғыдан талдауды үйренеді. Нәтижесінде қатысушылар алған білімін білім беру, ғылыми-зерттеу және кәсіби қызметте тиімді қолдану дағдыларын қалыптастырады.

Курс авторы Гаухар Байташева оқу бағдарламасының маңыздылығын атап өтті:

«Бұл курс тек теориялық білім беруді емес, әрбір білім алушының бойында экологиялық мәдениет пен жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруды көздейді. Бұған қоса, біз заманауи экологиялық сын-қатерлерге ғылыми негізделген шешім қабылдай алатын мамандар даярлауға басымдық бердік».

Курсты дайындау және оны платформаға орналастыру кезеңінде Coursera жобасының серіктесі BMG UpSkill компаниясы техникалық әрі консультациялық қолдау көрсетті.