Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан мақұлданған «Адам және жануарлар физиологиясы» атты авторлық курсы халықаралық Coursera білім беру платформасына орналастырылды.
Курстың авторы – биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Парманбекова Меруерт Хамитбекқызы.
Автор бағдарламаның маңыздылығын былай деп атап өтті: «Бұл курс ағзаның тіршілік әрекеті заңдылықтарын терең түсінуге және ғылыми-практикалық дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз теорияны заманауи білім беру технологияларымен ұштастыра отырып, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға басымдық бердік».
Курс адам мен жануарлар ағзасының физиологиялық қызметтері, реттелу механизмдері мен өзара байланысы туралы жүйелі білім қалыптастырады. Бағдарламада жүйке, бұлшықет, эндокриндік, қан айналым, тыныс алу, ас қорыту және зәр шығару жүйелерінің физиологиясы қамтылған.
Теория мен практиканы ұштастырған бұл курс арқылы қатысушылар физиологиялық үдерістерді талдау, тәжірибелік жұмыстар жүргізу және цифрлық ресурстарды кәсіби әрі ғылыми-зерттеу қызметінде тиімді қолдану дағдыларын меңгереді.
