Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Құрылтай сайлауының нәтижелері: Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа үрдістер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жастар саясаты орталығы және Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастырған шарада сайлау қорытындылары сараланып, оның еліміздің саяси дамуындағы маңызы студенттерге жан-жақты түсіндірілді.
Басқосуда Әлеуметтік-гуманитарлық даму институтының директоры Бақытжан Сапаров пен Қоғамдық кеңес мүшесі Әкежан Кенес баяндама жасады.
Құрылтайдың маңыздылығы мен қоғамдық-саяси үдерістерге жастардың белсенді араласуына тоқталған Әкежан Бақытұлы: «Сайлау нәтижелері елдегі азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, жастардың саяси белсенділігін арттыруға және олардың қоғамдық өмірдегі рөлін күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар Құрылтайдың саяси жүйедегі орны, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық істерге белсенділік танытудың маңызы төңірегінде пікір алмасты. Іс-шара соңында бұл кездесудің жастар арасында қоғамдық диалогты нығайтудағы мәні ерекше екені айтылды.
