Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде әкімшілік-басқару қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімше мамандары, эдвайзерлер және тәрбие жұмысына жауапты қызметкерлердің қатысуымен «Жаңа Конституция – азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің кепілі» тақырыбында семинар өтті.

Семинарда Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры, PhD докторы, заңгер Бахытжан Сапаров Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарына, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің өзара байланысына тоқталды. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби құқықтары мен жауапкершілігі, білім алушылардың құқықтарын құрметтеу және құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Семинар барысында білім беру мазмұнына енгізілетін жаңа міндетті оқу курларына ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылынан бастап 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарда «Заң мен тәртіп», 5–11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстарын енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Сонымен қатар бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» курсын барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналдырып, оның мазмұнын Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендіру көзделген.Бұл өзгерістер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық жауапкершілігі мен конституциялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Кездесуде сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлау қорытындылары, депутаттық мандаттарды бөлу және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы мәселелері талқыланды. «Конституция – заңгерлер мен мемлекеттік органдарға ғана арналған құжат емес. Конституция – ең алдымен, адам туралы құжат» деген ұстаным семинардың негізгі өзегіне айналды.

Педагогикалық университет үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Өйткені оқытушы – кәсіби білім беруші ғана емес, жас ұрпақтың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыратын тұлға.

Семинар соңында қатысушылар Конституциялық құндылықтарды университеттің білім беру және тәрбие үдерісіне жүйелі енгізу, қызметкерлер мен білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдары бойынша пікір алмасты.

Конституцияны білу – өз құқықтарыңды түсінудің, міндеттеріңді сезінудің және азаматтық жауапкершілікті арттырудың маңызды негізі.