Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана қоры «Алматыкітап баспасының» Директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталова мен баспа Президенті, университет түлегі Гаухар Саймасаеваның бастамасымен жаңа басылымдармен толықты.

Атап айтқанда, «Ұлы тұлғалар» сериясымен жарық көрген «Абай», «Шоқан», «Ыбырай» көркем шығармалары, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру педагогтерін даярлауға арналған оқу-әдістемелік құралдар университетке ресми түрде табысталды. Басылымдарды баспаның Бас редакторы Айжан Бекетова мен мектепке дейінгі білім беру әдіскері Бахыт Тажинова арнайы жеткізді.

Салтанатты табыстау барысында «Алматыкітап баспасының» Бас редакторы Айжан Бекетова: «Заманауи оқу-әдістемелік әдебиеттер мен сапалы басылымдар – болашақ педагогтердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына, терең білім алуына тікелей ықпал етеді. Кітапхана қорын мұндай құнды еңбектермен қамтамасыз ету студенттердің интеллектуалды әлеуетін арттырып, олардың заманауи білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті маман болып шығуына үлкен көмек береді деп сенеміз», – деп атап өтті.

Сыйға тартылған басылымдар болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігі мен әдістемелік мәдениетін қалыптастыруға, мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Бұл еңбектер педагогикалық мамандықтардың студенттері, оқытушылары мен зерттеушілері үшін маңызды ғылыми-әдістемелік ресурсқа айналады.

Бүгінде университеттің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасының қоры 1 миллион данадан асады. Кітапхана студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми әрі көркем әдебиеттермен, мерзімді басылымдармен және отандық әрі шетелдік электронды дерекқорлармен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.



