Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаңа оқу жылын жоғары көрсеткішпен бастайды. 2026 – 2027 оқу жылына университеттің бакалавриат білім беру бағдарламаларына 4921 білім алушы қабылданды.
Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары нәтиже және QyzPU-ға деген талапкерлер қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Қабылданғандардың 3819-ы мемлекеттік білім беру грантына, ал 1102-сі ақылы негізде оқуға түсті. Университетке қабылданған талапкерлердің арасында білім көрсеткіші жоғары жастардың үлесі де айтарлықтай. Атап айтқанда, 730 «Алтын белгі» иегері және 815 үздік аттестат иегері QyzPU студенті атанды.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде 120 балдан жоғары нәтиже көрсеткен 418 талапкер университетке қабылданды. Ал қабылданған талапкерлердің ҰБТ бойынша орташа балы 93 балды құрады.
Биыл университетке әлеуметтік санаттарға жататын талапкерлерді қабылдау көрсеткіштері де жоғары. Олардың қатарында ауыл квотасы бойынша 893, Маңғыстау облысынан жалпы конкурс арқылы 220, ауыл квотасымен 86 талапкер бар.
Сонымен қатар университет студенттері қатарын 55 қандас, 16 жетім бала санатындағы және инклюзивті білім беру аясында 31 ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкер толықтырды.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардан – 32, толық емес отбасылардан – 46, көпбалалы отбасылардан 138 талапкер қабылданды.
Соғыс ардагерлеріне теңестірілген санат бойынша 1 талапкер білім алуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, бүгінге дейін докторантураға 32 білім алушы, ал магистратураға 70-тен астам студент қабылданған. Қабылдау науқаны магистратура деңгейіне әлі де жалғасуда.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты миссиясы – сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыретті және қоғам игілігіне қызмет ететін білікті педагог маман, парасатты тұлға тәрбиелеу.
Биыл университет табалдырығын аттаған талапкерлердің жоғары білімге деген ұмтылысы мен QyzPU-ға деген сенімі осы миссияның маңызын айқындай түседі.
