Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде  «Адал азамат» 2026–2027 оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына арналған «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында мерекелік жиын өтті.

Салтанатты шарада Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова бүлдіршіндерді білім жолындағы алғашқы қадамдарымен құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды:

«Бүгін оқу орнымыздың өскелең ұрпаққа қолдау білдіріп, осындай маңызды шараларды тұрақты ұйымдастыруы – болашақ ілім-ғылым иелерінің білімге деген құштарлығын арттыруға қосылған үлкен үлес. Балалардың сапалы білім алып, тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Мерекелік жиын барысында Алматы қаласындағы «Simple System» балет студиясының өнерпаздары өз өнерлерін паш етті. Шара соңында университет ректоры мектеп жасындағы балаларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл республикалық акция бірінші сыныпқа қадам басатын балалары бар университет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуді көздейді.

Шараның өтуіне «Хореография және арт-менеджмент» кафедрасы мен Мадина Асанова белсенді атсалысып, демеушілік қолдау білдірді.