Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапханасында магистранттар мен докторанттарға арналған «Шекарасыз ғылыми ақпарат: кітапхананың лицензиялық деректер базаларымен жұмыс» атты ғылыми семинар легі басталды.

Басқосудың мақсаты – жас ғалымдардың зерттеу жүргізу қабілетін шыңдап, халықаралық ғылыми ортамен байланысын нығайту.

Үш күнге жалғасатын семинар бағдарламасы аясында қатысушылар кітапхана жазылым жасаған EBSCO, ProQuest, Wiley, IGPublishing және Emerald Insight сияқты беделді халықаралық лицензиялық деректер базаларынан қажетті ғылыми әдебиеттер мен мақалаларды іздеу, талдау және жүктеу алгоритмдерін іс жүзінде меңгереді.

Сонымен бірге семинарда Scopus, Web of Science және Google Scholar платформаларында дербес зерттеу жүргізу, ғалымның жеке ID нөмірлерін (ORCID, DOI) алу және тіркеу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

Бұдан бөлек, ғылыми қызметте ашық қолжетімді (Open Access) ресурстарды дұрыс пайдалану мен академиядағы этиканы сақтай отырып, жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданудың нақты жолдары қарастырылады.

Шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ 4 – Сапалы білім) жүзеге асыру және жоғары білім берудегі зерттеу сапасын арттыру шеңберінде ұйымдастырылды.
