Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызының төрағалығымен жаңа оқу жылының басталуына арналған аппарат жиыны өтті. Жиынға университет басшылығы, факультет декандары және құрылымдық бөлімдердің басшылары қатысты. Күн тәртібінде 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, қол жеткізілген нәтижелер сараланды. Сонымен қатар жаңа оқу жылына арналған басым бағыттар, мақсат-міндеттер және шешімін күткен мәселелер талқыланды.

Жиында Басқарма мүшелері – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы, Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы, Қаржы және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Тоқтыбаев Ернар Дүйсенбекұлы, Әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректор Жекенов Думан Құрманғазыұлы және Аппарат басшысы Кожина Бота Саматқызы есепті баяндамалар жасады.

Баяндамаларда өткен оқу жылындағы негізгі нәтижелер мен атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланып, университеттің даму бағыттары бойынша өзекті мәселелер ортаға салынды. Жиын барысында қатысушылар баяндамалар бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары нақтыланды. Жиынды қорытындылаған Ректор Бейбіткүл Кәрімова университеттің даму стратегиясына сәйкес белгіленген мақсат-міндеттерді сапалы әрі нәтижелі жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

«Жаңа оқу жылындағы әрбір міндет нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Университеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру – барша ұжымның ортақ жауапкершілігі», – деді ректор. Осыған байланысты құрылымдық бөлімдерге өз бағыттары бойынша жұмысты жүйелі ұйымдастыру, белгіленген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстау және мәселелерді шешуде жеделдік пен нәтижелілікке басымдық беру тапсырылды. Сонымен қатар Ректор білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті нығайту, студенттерге қолайлы орта қалыптастыру және университеттің даму көрсеткіштерін жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
