Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, әнші-композитор Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлованың 83 жасқа қараған шағында дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамыз.
Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлова 1945 жылы 12 ақпанда Талдықорған өңірінің Ескелді ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Қыздар педагогикалық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) тәмамдап, бүкіл ғұмырын ұстаздық қызметке арнады.
Кәсіби музыкант, баяншы, ерекше дауыс иесі әрі айрықша талантымен танылған Ағайша Шермұхамбетқызы 1968 жылы оқу орны жанынан құрылған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблін ұйымдастырушылардың бірі болды.
1978–1979 жылдары «Шаттық жыры» ансамблін құрып, студент жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосты.
Ағайша Исағұлова көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, «Үздік музыка мұғалімі» атағын екі мәрте иеленді.
Композитор ретінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі 2001 жылы Ж. Жақыпбаевтың сөзіне жазылған «Көкпар» әні үшін «Жаңа ғасырға – жаңа ән» республикалық байқауында Гран-при жүлдесіне ие болды. Бұл ән оның композиторлық шығармашылығындағы елеулі туындылардың біріне айналып, өнердегі өзіндік қолтаңбасын айқындады.
Ағайша Шермұхамбетқызы Қазақстанмен қатар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Польша, Түркия және басқа да елдерде өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттады. Туған жері Ескелді және Кербұлақ аудандарының «Құрметті азаматы» атанды.
Ағайша Исағұлованың саналы ғұмыры мен шығармашылық жолы, ұстаздық еңбегі, өнерге деген адалдығы – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жол. Ол өзінің жарқын болмысымен, кәсіби шеберлігімен, шәкірттеріне деген қамқорлығымен университет тарихында өшпес із қалдырды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы марқұмның жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.
Ағайша Шермұхамбетқызының жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмыры ел жадында мәңгі сақталады.
