Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде татарстандық белгілі жаяу саяхатшы әрі тревел-блогер Никита Кузнецовпен кездесу өтті. Басқосуға университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.

                                               

Никита Кузнецов – ұзақ қашықтықтарға жаяу сапар шегуімен танымал саяхатшы. Ол бұған дейін Қазаннан Иерусалимге дейінгі аралықты 204 күнде жаяу жүріп өтсе, бұл жолы Қазаннан Алматыға дейінгі бағытты 100 күнде еңсерді. Саяхатшының барлық сапарлары «Бейбітшілік пен халықтар достығы жолындағы марш» ұранымен өтіп, халықтар арасындағы достықты, өзара көмек пен мәдени диалогты нығайтуға бағытталған. Ол өзінің «Саяхатшы күнделігін» әлеуметтік желілерде белсенді жүргізеді: Instagram-дағы (@isot_6.8) аудиториясы 163 мың, ал Telegram-дағы («Ножками TOP») оқырмандары 20 мың қолданушыдан асады.

                                                

Басқосу саяхатшының Қазан – Алматы бағыты бойынша 100 күндік жаяу сапарын қорытындылауға арналды.  Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) шеңберінде бейбітшілік пен жаһандық серіктестікті ілгерілетуге ықпал етеді.

                                               

Шара барысында тараптар Қазақстан мен Татарстан жастары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, экологиялық және жаяу туризмді насихаттау мәселелерін талқылады.

                                                

Университет басшылығы студенттерге арналған мотивациялық дәрістер мен бірлескен медиажобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.