Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына белсенді қатысқан жастарды марапаттау рәсімі өтті.

Жиынға Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек қатысып, сайлау науқанына белсенді атсалысқан жастарға арнайы марапаттарды табыстады.

Марапаттау рәсімі аясында университет жанынан құрылған «QyzPU Студенттік Құрылтай – 2026» құрамының 41 мүшесі таныстырылып, дауыс беру нәтижесінде Филология институтының 1-курс магистранты Ұлдамет Аженова Студенттік Құрылтай төрайымы болып сайланды.

Оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова жаңа бастаманың маңызына тоқталып, Студенттік Құрылтай – жастардың үнін естуге, өзекті мәселелерді ашық талқылауға және студенттердің бастамаларын қолдауға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы болатынын айтты.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек «Студенттік Құрылтайдың Қыздар университетінде алғаш рет құрылуы – тарихи маңызы бар оқиға. Алдағы уақытта жаңа құрам студенттердің көкейкесті мәселелерін жан-жақты қарастырып, нәтижелі жұмыс жүргізеді деп сенемін», – деп атап өтті.

Студенттік Құрылтай құрамында сапалы білім, ғылым және академиялық сапа, цифрландыру, экология, мәдениет, әлеуметтік мәселелер мен инклюзия, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық және халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша 8 комитет жұмыс істейді.

Студенттік Құрылтай өз жұмысында университеттің «Парасат мектебі» концепциясын басшылыққа алып, Қазақстан Студенттерінің Альянсы мен Студенттік омбудсмен институтымен тығыз әріптестік орнатады.



