Алматыдағы Достық үйінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті студенттерінен құралған Студенттік құрылтайдың «Адал ой, жауапты әрекет, ортақ мүдде» тақырыбындағы алғашқы отырысы өтті.

                                                

Жиын білім алушылардың пікірін тыңдауға, студенттік ортадағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға және жастардың қоғамдық бастамаларын қолдауға бағытталған диалог алаңы ретінде ұйымдастырылды.

                                               

Алқалы жиында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек сөз сөйлеп, «Алматыда жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және олардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Студенттік құрылтай – осы ортақ мүддеге қызмет ететін маңызды платформа», – деп атап өтті.

                                                

QyzPU-дің Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректоры Думан Жекенов өз сөзінде студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыру, олардың университет өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау және жастардың бастамаларын қолдау мәселелеріне тоқталды.

                                               

Жиын барысында қатысушылар студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, жастар саясатын тиімді іске асыру және білім алушылардың бастамаларын қолдау мәселелерін талқылады.

                                                

Кездесу соңында еркін диалог форматында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.