І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Құрылтай феномені» кітабына арналған танымдық кездесу өтті.

                                               

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, кітап авторлары, зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.

                                                

Кездесуді университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев жүргізіп, Құрылтай институтының елдің конституциялық дамуындағы маңызын атап өтті.

                                               

Жиынға кітап авторлары – мемлекет және қоғам қайраткері, QyzPU Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Омархан Нұртайұлы Өксікбаев пен шығыстанушы, түрколог-лингвист ғалым Зәріпбай Жұманұлы Оразбай арнайы қатысты.

                                               

Басқосуда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Сәбит Құрманжанұлы Суатай кітаптың ғылыми-танымдық маңызына тоқталып: «Құрылтай феномені» – жалпы оқырманға да, ғылыми қауымдастыққа да тарихымызды терең танып, рухани сананы байытуға мүмкіндік беретін құнды еңбек», – деді.

                                               

Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық бірлікті нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту және рухани-танымы жоғары қоғам қалыптастыру мәселелері талқыланды. «Құрылтай феномені» кітабының жарық көруі QyzPU үшін де маңызды оқиғалардың бірі болды. Еңбек алғаш жарық көрген кезде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Құрылтай – мемлекеттік институт тұғыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Кейін кітаптың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өтті.

                                               

Кітап авторларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы хат жолдап, еңбекті Ұлы Дала өркениетіндегі Құрылтай институтын жан-жақты зерделеуге арналған мазмұнды ғылыми еңбек ретінде жоғары бағалады.

                                                

Қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген ауқымды еңбектің алдағы уақытта Түркияда арнайы тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.