Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халқымыздың біртуар қайраткер тұлғасы, саяси қуғын-сүргін құрбаны, ел мұрасын жинаушы, әнші-композитор, тілші әрі ағартушы Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай «Қапезден қалған қолжазба» атты дәріс-семинар өтті.

Тұлға қалыптастыру департаменті ұйымдастырған танымдық шараға университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты. Дәріс-семинарды QyzPU Басқарма мүшесі – Әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректор Жекен Думан Құрманғазыұлы ашып, жүргізіп отырды.

«Қапездің артында қалған мұра – халқына деген адалдығы мен азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Оның терең ойы мен тағылымды сөзі бүгінгі жастарға елді сүюге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, білім мен өнерді құрметтеуге үндейді. Осындай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерделеу – рухани сабақтастықты жалғастырудың маңызды жолы», – деп атап өтті Думан Құрманғазыұлы.

Кездесуде белгілі ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы «Қапез Байғабылұлы – ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған шақта жанкештілік танытқан қайраткер-ағартушы. Оның шығармашылығы мен қолжазбаларында басы артық сөз жоқ, әр тіркестің астарында тарих пен шындық жатыр. Халқым деген Қапездің қалпын бұзбай, шығармашылық мұрасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның парызы» – екенін айтты.

Сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы, мәтінтанушы, көне қолжазбалар мен фольклор зерттеушісі Нұржұма Елесбай Қапез Байғабылұлының түпнұсқа қолжазбаларына ғылыми талдау жасап, оның шығармашылық мұрасының тарихи және рухани маңызына тоқталды.

Дәріс-семинар барысында Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев және шәкірттері – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Нұртуған Абылай, Салтанат Амантұр, Таңжарық Әлдібай, Еламан Бекбатыров халық әндері мен Қапез Байғабылұлының шығармаларын орындады.

Тағылымды кездесу Қапез Байғабылұлының шығармашылық мұрасын дәріптеп, оның елдік ұстанымы мен рухани құндылықтарын жас ұрпаққа танытуға бағытталды.
