Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ұлыбританияның жетекші Сассекс университетінің өкілдерімен ресми кездесу өтті. Жиынға оқу орны басшылығы, факультет декандары, оқытушы-профессорлар және  Сассекс университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректор орынбасары, Білім беру және әлеуметтік жұмыс мектебінің педагогика профессоры Simon Thompson және Әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, профессор Keith Perera қатысты.

                                               

Қонақтарды қарсы алған әлеуметтік даму және студенттік мәселелер жөніндегі проректор Жекенов Думан Құрманғазыұлы университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша алдағы жоспарларымен және негізгі даму бағыттарымен бөлісті.

                                               

Кездесуде тараптар педагогикалық білім беруді дамыту, оқытушылардың біліктілігін арттыру және докторанттардың халықаралық тағылымдамадан өтуіне арналған PhD Internship Proposal бастамасын талқылады.  Сондай-ақ қос тарап QyzPU базасында бірлескен Жоғары білім беру мектебін ашу, қос дипломды магистратура мен біріккен докторантура (Split Site Joint PhD) бағдарламаларын енгізу, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.

                                                

Бұл басқосу – 2023 жылы қол қойылған меморандум аясында дамып келе жатқан халықаралық әріптестіктің жалғасы. Бұған дейін университет бойынша 10 оқытушы мен 5 докторант University of Sussex базасында ғылыми-зерттеу біліктілігін арттыру бағдарламасын аяқтаса, бірқатар оқытушылар «500 ғалым» жобасы аясында халықаралық тағылымдамадан өткен болатын.

                                               

Сонымен бірге Британдық кеңестің (British Council) қолдауымен ағылшын тілін оқыту сапасын арттыру және инклюзивті білім беру бойынша InterLinks UK-Kazakhstan, Global TNE Exploratory Grant, Accelerating English Language Learning in Central Asia және Developing Future Leaders of Inclusive English Language Learning in Central Asia сияқты бірлескен халықаралық жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.

                                               

QyzPU мен Сассекс университеті арасындағы бұл әріптестік жекелеген жобалар деңгейінен ұзақ мерзімді академиялық және ғылыми стратегиялық серіктестікке ұласып отыр.

Айта кетейік, университетте өтіп жатқан «Ғылымға алғашқы қадам» тақырыбындағы ғылыми семинарлар аясында профессор Саймон Томпсон мен доктор Кит Перера студенттер үшін арнайы дәріс-семинар өткізеді.