Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 1-курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдауға арналған «Парасатқа апарар жол» атты салтанатты шара өтті. Алматы қаласы күніне орай Көктөбеде ұйымдастырылған ауқымды шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, бірінші курс студенттері мен шетелдік қонақтар қатысты.

                                               

Салтанатты кеш шымылдығы «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 4-курс студенттерінің орындауындағы жаңа QyzPU гимнімен ашылды.

                                               

Іс-шара барысында жиналғандарға жасанды интеллект технологияларының көмегімен дайындалған «XXI ғасырдағы студент бейнесі» атты бейнеролик ұсынылды. Арнайы көрсетілімде оқу орнының тарихи кезеңдері мен заманауи даму келбеті сабақтасып, жас буынға арналған ізгі тілектер мен жолдау көрініс тапты. Кеште университет Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, білім алушыларға сәттілік тіледі.

                                               

«Біздің университетіміздің басты қағидасы – «Білімді ұлт – білімді қыздар». Өйткені білімді қыз – отбасының ғана емес, саналы қоғам мен қуатты мемлекеттің тірегі. Біздің басты міндетіміз – кәсіби білікті педагогтер даярлау ғана емес, жаңаша ойлайтын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын парасатты тұлғаларды тәрбиелеу», –  деп атап өтті ректор. Сондай-ақ шарада Ұлыбританияның жетекші оқу орны – Сассекс университеті вице-канцлерінің орынбасары, профессор Саймон Томпсон сөз сөйлеп, студенттерге ақ жол тіледі.

                                               

Мерекелік жиын студенттер қатарына қабылдау антымен жалғасып, сахна төрінде әр факультеттің белсенді өкілдері студенттік ант берді. Бағдарлама аясында Асанәлі Әшімов атындағы жастар театры «Алматы – алғашқы махаббатым» театрландырылған қойылымын ұсынса, университеттің «Томирис» би ансамблі мен «Айгөлек» тобы өнер көрсетті.

                                                

Сонымен қатар салтанатты шара аясында Көктөбе төрінде университет факультеттері мен орталықтарының жетістіктерін таныстыратын арнайы көрме ұсынылды.