Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар факультетіне қарасты Digital Lady технопаркінің мамандары, студенттер мен бас бағдарламашы ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Qazaqstan AI for Science» алғашқы ашық тұжырымдамалық сессиясы аясындағы көрмеге қатысты.
Іс-шарада университет өкілдері білім беру процесін цифрландыруға және оқу сапасын арттыруға бағытталған IT-шешімдерін таныстырды. Атап айтқанда көрме экспозициясында педагогтердің кәсіби дамуын қолдайтын AI-Lesson Study платформасы, студенттердің жеке оқу траекториясын айқындайтын NavIQ интеллектуалды көмекшісі, талапкерлерге арналған AI Talapker жүйесі, жасанды интеллект элементтері бар Mook білім беру курстары, сондай-ақ жатақханаға орналасу үдерісін оңтайландыратын Dorm QYZPU жобасы ұсынылды.
Таныстырылған әзірлемелер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің білім беру ортасына жасанды интеллект технологияларын жүйелі енгізіп, заманауи педагогика мен цифрлық шешімдерді ұштастыру бағытындағы жұмыстарын айқын көрсетті.
Бұл бастамалардың барлығы университетте білім беру процесі мен басқару жүйесін жасанды интеллект негізінде жаңғыртуды көздейтін «AI Sana» тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
