Алматы қаласы күні қарсаңында Көктөбеде өткен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірінші курс жастарын студенттер қатарына қабылдау салтанатында QyzPU гимні алғаш рет көпшілік алдында орындалды.

«Парасатқа апарар жол» тақырыбындағы ауқымды шарада жаңа гимннің шырқалуы – университет өміріндегі ерекше тарихи сәт. Университет гимні – білім ордасының рухын, құндылықтары мен мақсат-мұратын айшықтайтын маңызды рухани нышан. Негізгі идеясы – білім мен парасатты, ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра отырып, ел болашағына қызмет ететін тұлға қалыптастыру.

Бұл идея QyzPU-дың «Білімді қыздар – білімді ұлт» қағидасымен сабақтасып жатыр.

Заманауи үлгіде жазылған жаңа гимн – университеттің даму бағытын, алға ұмтылысын және ұрпақ тәрбиесіндегі миссиясын танытатын рухани туынды.

QyzPU гимнінің идея авторы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Гимннің сөзін жазған – QyzPU Қоғаммен байланыс және маркетинг департаментінің директоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Алмат Исәділ.
Музыкасын жазған – QyzPU медиа қызметінің басшысы, режиссер, әнші, композитор Бақыт Әмірбекұлы.
Орындағандар –  «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 4-курс студенттері Ағжан Нұрайлым, Гюзаль Сулейманова, Лаура Заманбекқызы, Шұғыла Эрмахан, жетекшісі Үміт Шәкенайқызы. Бимен көркемдеген –  «Томирис» би ансамбілі, жетекшісі Берік Көкетов. 

Жаңа гимн университеттің ортақ рухани құндылығына айналып, әрбір студенттің, оқытушы-профессордың, қызметкер мен түлектің жүрегінен орын алады деп сенеміз.