Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өтіп жатқан Science Summit 2026 шарасына қатысуда.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ICESCO ұйымдастырған жоғары деңгейдегі халықаралық диалог барысында ғылым мен инновацияның жаһандық сын-қатерлерді шешудегі рөлі, инновация, технологияларға тең қолжетімділік, климаттың өзгеруі, ғылыми әлеуетті арттыру және халықаралық әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ICESCO Бас директоры, доктор Салим Әл-Малик, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Қазақстанның ЮНЕСКО және ICESCO істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Ержан Ашықбаев, БҰҰ-ның Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық жөніндегі кеңсесінің директоры Дима Әл-Хатиб, сондай-ақ жетекші халықаралық ғылыми ұйымдар мен университеттердің өкілдері қатысты.

Халықаралық сарапшылар бас қосқан алаңда ғылым дипломатиясы мен трансшекаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызына ерекше назар аударылды. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, жасанды интеллект, технологиялық даму және тұрақты даму сияқты мәселелер бүгінде халықаралық қоғамдастықтың ортақ күн тәртібіне айналып отыр.

Осындай халықаралық диалогтарға қатысу QyzPU-дың әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігімен байланысын нығайтып, халықаралық серіктестікті кеңейтуге, бірлескен зерттеулер мен академиялық ұтқырлықты дамытуға ықпал етеді.


