Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында интернет-алаяқтық пен дропперліктің алдын алуға арналған ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Кездесуге Алматы қаласы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Таласов Рахат Елубекұлы пен Мұстафа Алмас Бақытұлы қатысты.

Кездесу барысында Алматы қаласындағы алаяқтықтың кең таралған түрлері, интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар және дропперлік схемалар туралы айтылды. Мамандар алаяқтардың азаматтарды өз схемаларына қалай тартатынын түсіндіріп, күмәнді ұсыныстарды дер кезінде танудың жолдарына тоқталды.

Сонымен қатар банк картасын, шот және SIM-карта деректерін, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) бөгде адамдарға бермеудің маңыздылығы түсіндірілді. Заңсыз қаржылық операцияларға қатысудың құқықтық салдары мен жауапкершілігі туралы да ақпарат берілді.

Кездесуде статистикалық мәліметтер мен нақты мысалдар келтіріліп, интернет-алаяқтықтан қорғану тәсілдері талқыланды. Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, алаяқтық жағдайларында қандай әрекет жасау керектігі жөнінде жауап алды.

Жиын соңында студенттер өзін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандардан құнды құқықтық кеңестер алды. Қатысушыларға цифрлық гигиенаны сақтау, ақша аударымдарында сақ болу және «Заңды білу — өзіңді қорғау» қағидатын ұстанудың маңыздылығы тағы бір мәрте ескертілді.
