Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Орталық Азиядағы неміс тілі: білім, инновация және ынтымақтастық» тақырыбындағы IV Орталық Азия неміс тілі оқытушыларының халықаралық форумы басталды.

                                                              

Форумның ашылуы алдында қатысушылар Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

                                                             

Екі күнге жоспарланған халықаралық жиын Орталық Азияда неміс тілін оқытудың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылауға, заманауи білім беру әдістерін енгізуге, озық тәжірибелермен алмасуға және академиялық әрі кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге арналған.

                                                              

Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Германияның жоғары оқу орындары мен кәсіби қауымдастықтарының өкілдері, неміс тілі оқытушылары, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысуда.

                                                             

Ашылу салтанатында QyzPU Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы сөз сөйлеп, халықаралық тәжірибе алмасудың, инновациялық әдістерді енгізудің және өңірлік академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.

                                                             

Форум модераторы, Қазақстандағы неміс тілі оқытушылары қауымдастығының президенті Мереке Хафизқызы Танкибаева жиынның негізгі бағыттарымен таныстырды.

                                                             

Алғашқы күнгі пленарлық отырыс «Неміс тілі шет тілі ретінде: жаһандық және өңірлік контекст» тақырыбына арналды. Жиында Орталық Азиядағы неміс тілінің даму перспективалары, көптілді ортада тіл оқыту ерекшеліктері, академиялық ұтқырлық пен қос диплом бағдарламалары, сондай-ақ цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері талқыланды.

                                                             

Пленарлық отырыста Рур университетінің Герман институтының аға профессоры Карин Питнер, Эрфурт университетінің профессоры, доктор Чаба Фёльдес және Өзбекстан Республикасы Неміс тілі оқытушылары қауымдастығының әрі Орталық Азия Неміс тілі оқытушылары қауымдастығының төрағасы Хуррам Рахимов баяндама жасады. Олар цифрлық дәуірде неміс тілін оқыту, Орталық Азиядағы көптілділік, академиялық ұтқырлық пен қос диплом бағдарламаларының мүмкіндіктеріне тоқталды.

                                                             

Форум аясында жоғары оқу орындары мен мектеп өкілдеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті. Практикалық бөлімде заманауи дидактика, цифрландыру, жасанды интеллект және медиадидактика бағыттарына назар аударылды. Қатысушылар ChatGPT сияқты AI құралдарын сабақта қолдану, оқу контентін әзірлеу, медиаресурстарды бейімдеу, мәтінмен интерактивті жұмыс және коммуникативтік құзыреттілікті дамыту әдістерімен танысты.

                                                            

Кәсіби пікір алмасу дөңгелек үстелдерде жалғасып, неміс тілінің ғылым, зерттеу және кәсіби мансап тілі ретіндегі рөлі, академиялық жазылым, жарияланым құзыреттілігі, сертификаттау және стандартталған тіл емтихандары, сондай-ақ өңірлік кәсіби ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

                                                             

Форум жұмысы 26 қыркүйекте жалғасады. Бағдарлама аясында 2026–2030 жылдарға арналған «Неміс тілін дамытуға арналған Орталық Азия жол картасы: білім, инновация және ынтымақтастық» құжатын әзірлеуге бағытталған жұмыс топтарының отырыстары өтеді.

                                                             

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар мен баяндамашыларға сертификаттар табысталып, Орталық Азияның 2026–2030 жылдарға арналған өңірлік жол картасын қабылдау жоспарлануда.