Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Гонконг білім беру университеті (The Education University of Hong Kong – EdUHK) академиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан тарапынан құжатқа QyzPU Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы, ал Гонконг тарапынан EdUHK Президенті, профессор Джон Ли Чи-Кин қол қойды.
Өзара келісім бойынша ұзарту мүмкіндігі қарастырылған құжат 5 жыл мерзімге жасалды. Келісім екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық серіктестікті дамытуға, педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Ынтымақтастық аясында:
- педагогтерді даярлау сапасын арттыруға бағытталған бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
- білім алушылар мен оқытушылардың академиялық алмасуын ұйымдастыру;
- бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру;
- ғылыми жарияланымдар әзірлеу және ғылыми басылымдармен алмасу;
- халықаралық конференциялар, семинарлар, академиялық кездесулер және қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын бірлесіп өткізу көзделген.
QyzPU мен EdUHK арасындағы серіктестік білім беру мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасуға, заманауи оқыту әдістемелерін енгізуге, ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға және білікті педагогтер даярлау бағытындағы бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.
