Жапонияның Айти-Нагоя аймағында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Ясмина Тоқсанбаева алтын медаль жеңіп алды.

 21 жастағы спортшы 42 шақырым 195 метр қашықтықтағы марафондық спорттық жүрістен жеңімпаз атанып, 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтиже көрсетті.

 Айта кетерлігі, спорттық жүрістің бұл түрі Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Осылайша, Ясмина Тоқсанбаева аталған спорт түрінен Азия ойындарының алғашқы чемпиондарының бірі атанды.

 Ясмина үшін бұл – Азия ойындарындағы алғашқы чемпиондық. Оның алтын медалі Қазақстан құрамасының биылғы жарыстағы тоғызыншы алтыны болды.

 Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Ясмина Тоқсанбаеваны жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтайды!

Ясминаның халықаралық спорт аренасындағы жетістігі – университетіміз үшін зор мақтаныш әрі биік белестерге ұмтылған студенттерімізге үлкен үлгі.

Жеңісің құтты болсын, Ясмина! QyzPU сенімен мақтанады!