Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қырғызстанның халық ақыны Атантай Акбаровтың шығармашылығына арналған «Ақынмен ашық әңгіме» атты әдеби-шығармашылық кеш өтті.

Шара барысында университеттің Әлеуметтік даму және студенттік мәселелер жөніндегі проректоры Жекен Думан Құрманғазыұлы сөз сөйлеп, әдеби-шығармашылық кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Кездесудің негізгі мақсаты - ақынның шығармашылығы мен өнегелі өмір жолын таныту, қазақ-қырғыз әдеби-мәдени байланыстарын нығайту және жастарды ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.

Кеш барысында ақынға арналған арнау орындалып, оның өмірі мен шығармашылық әлеміне шолу жасалды. Студенттер ақынның төл туындыларын және қырғыз тілінен қазақ тіліне аударылған өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармаларын әнмен орындады.

Жиынның «Ашық микрофон» бөлімінде студенттер ақынға шығармашылық жолы, өмірлік ұстанымы мен шабыт көздері туралы сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.

Рухани жиынға «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ҰҒА академигі Бауыржан Жақып, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы және ақын, аудармашы Саят Қамшыгер қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Шара қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын нығайтуға, ортақ рухани мұраны дәріптеуге және студенттердің әдеби-шығармашылық қызығушылығын арттыруға бағытталды.Кездесу соңында Атантай Акбаров қонақтар мен жас ұрпаққа ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын берді. Ақынға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Сондай-ақ шара соңында құрметті қонақтарға арнайы алғыс хаттар табысталды.




