2026 жылғы 28 қыркүйекте Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен 1-курс студенттеріне «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Қаржылық сауаттылық» және «Деструктивті ағымдардан сақ болу» бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

                                                             

Іс-шараны Жастар саясаты орталығының басшысы Дәуленбаева Мейрамгүл Бақытжанқызы жүргізді. Студенттерге университеттің ішкі тәртіп ережелері, Әдеп кодексі, дресс-код, жатақханада тұру талаптары, құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Сонымен қатар тазалық сақтау және қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері қозғалды.

                                                             

Іс-шара барысында діни экстремизм мен сепаратизмнің, деструктивті діни ағымдардың, есірткіге тәуелділік пен лудоманияның алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тақырыптарға қатысты ақпараттық бейнероликтер көрсетілді.

                                                             

Қаржылық сауаттылық бойынша студенттерге жеке қаржыны басқару, ақша жинау, баспана алуға дайындалу және қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді. Атап айтқанда, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу қажеттігі айтылды.

                                                             

Соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Іс-шара жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.