Филология факультеті, Шетел тілдері және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен «Парасат мектебі» жобасы аясында «Парасаттылық – мәдиниеттер тоғысында» атты салтанатты кеш өтті.

                                                             

Салтанатты шараның ресми бөлімін Әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректор Жекен Думан Құрманғазыұлы ашып берді. «Университет қабырғасында берілетін терең біліммен қатар, білім алушылардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, кәсіби әдеп пен мәдениетаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру  басты басымдығымыз. Бүгін өз жұмысын бастаған «Парасат мектебі» студент қыздарымыздың интеллектуалдық әрі тұлғалық тұрғыдан кемелденуіне, әлемдік мәдениеттерді танып, бойына сіңіруіне кең жол ашады», - деп атап өтті проректор.

                                                             

Іс - шараға профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Жиын барысында оқу орнында тек академикалық білім беріп қана қоймай, жастардың тұлғалық, эстетикалық әрі рухани дамуына кешенді жағдай жасау мәселелері басты назарда болды. Жоба «Еркіндік – Әртүрлілік – Кемелдену» қағидаттарын басшылыққа ала отырып, білім алушылардың мәдени көкжиегін кеңейтуді, еркін ойлау жүйесін қалыптастыруды және көптілділікті дамытуды көздейді.

                                                              

Мерекелік кештің негізгі бағдарламасы аясында қазақ, корей, түрік, қытай және өзге де түркі халықтарының бай мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері кеңінен көрсетілді. Студенттер ұлттық күйлер мен заманауи аспаптық туындыларды орындап, әлем тілдеріндегі поэзиялық әрі музыкалық композицияларды көрермен назарына ұсынды.