Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Филология факультетінің ұйымдастыруымен «Ұлттық терминқор қалыптастыру қағидаттары» тақырыбында мазмұнды ашық дәріс өтті.

Дәрісті филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы өткізіп, қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы мен даму бағыттарына тоқталды.

Дәріс барысында қазақ тіліндегі ғылыми терминдердің қалыптасуы, терминдерді біріздендіру мен жүйелеу, ұлттық тілдің ішкі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ ғылым мен білім саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселелері сөз болды.

Профессор термин жасауда тілдің табиғи заңдылықтарын сақтау, сөз мағынасының дәлдігі мен ұғымның мазмұнын дұрыс жеткізу қажеттігіне назар аударып, қазіргі қазақ терминологиясының алдында тұрған өзекті міндеттермен бөлісті. Сонымен қатар ұлттық терминқорды қалыптастырудың ғылыми тілдің дамуы мен қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырудағы маңызы туралы құнды ойлар айтты.

Ашық дәріске студенттер белсенді қатысып, дәріс барысында көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесу соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, терминжасам мен ғылыми тілдің дамуына қатысты тұжырымды жауаптар алды. Мазмұнды кездесу студенттердің тіл біліміне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық терминологияның маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
