Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмади және мәдени істер жөніндегі атташе Мұхаммед Мәсуд Садегимен кездесті.

Кездесу барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы қонақтарға QyzPU-дың халықаралық ынтымақтастық бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы таныстырып, білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы серіктестікті одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті.

Ректор екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың маңызына тоқталып, кездесу екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Бүгінгі кездесу – екіжақты достық қарым-қатынастарды тереңдетудің маңызды қадамы. Оқу-әдістемелік қолдау, ғылыми тағылымдамалар және академиялық ұтқырлық бағыттарындағы серіктестігімізді одан әрі нығайтып, жаңа деңгейге көтере алатынымызға сенімдімін», – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмади білім беру мен ғылым саласындағы бастамаларды жоғары бағалап, университетпен өзара ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен ынтымақтасу біз үшін үлкен мәртебе. Иран мен Қазақстанды терең тарихи әрі рухани байланыстар біріктіреді. Біз университеттің парсы тілі мен Иран мәдениетін оқыту бағытындағы бастамаларын толық қолдаймыз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Бас консул.

Бүгінде QyzPU-да екінші шетел тілі ретінде парсы тілін меңгеріп жатқан 46 магистрант білім алуда. Оның ішінде 2-курс бойынша 26 магистрант, ал 1-курс бойынша 20 магистрант парсы тілін оқып жатыр. Кездесу барысында тараптар оқытушылардың біліктілігін арттыру, мәдени-ағартушылық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, филологиялық және гуманитарлық бағыттар бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске қосу, парсы тілі курстары мен мәдени жобаларды қолдау, Иран университеттерімен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық конференциялар мен ғылыми-мәдени іс-шаралар ұйымдастыру бағыттарында өзара ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Айта кетейік, Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдік – Иран мәдени орталығы Иран мәдениетін насихаттау, парсы тілін оқыту бастамаларын қолдау, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық алмасулар мен ғылыми-мәдени іс-шараларды дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді.


