Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Парасат мектебі» жобасы аясында «Асыл ой – Парасат пен тіл алаңы» атты интеллектуалды-танымдық кеш өтті.

Филология факультеті Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға университет басшылығы, оқытушылар құрамы және 4-курс студенттері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра отырып, болашақ педагогтардың сыни ойлау, көшбасшылық, шешендік өнер және ағылшын тіліндегі қарым-қатынас дағдыларын дамыту.

Кеш барысында қатысушылар ағылшын тілінде интерактивті тапсырмалар орындап, пікірталасқа түсті. Сондай-ақ ұлттық болмыс, заманауи мұғалімнің жауапкершілігі мен мәдениетаралық қарым-қатынас мәселелерін талқылап, командалық жұмыстарда өздерінің кәсіби әрі интеллектуалдық қабілеттерін көрсетті.

Іс-шара соңында Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының меңгерушісі Айжан Макашева «Парасат мектебі» жобасы шеңберінде өткен апталықты қорытындылап, мұндай бастамалардың білім алушылардың тұлғалық және кәсіби дамуындағы маңызын ерекше атап өтті.





