Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Сөзден – санаға, санадан – парасатқа!» атты әдеби-шығармашылық бағыттағы тағылымды кездесу өтті.

                                                                           

Шараның ашылуында Басқарма мүшесі – Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Думан Жекенов сөз сөйлеп, бұл жиынның жастарға кәсіби бағыт-бағдар берудегі, сондай-ақ олардың бойында өмірлік берік ұстанымдарды қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.

                                                                           

Кездесудің арнайы қонағы ретінде Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері, белгілі тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы қатысты.

                                                                           

Кездесудің басты мақсаты – студенттерге отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мен телерадио саласының ерекшеліктерін түсіндіріп, жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру болды.

                                                                          

Басқосуда «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының елдің мәдени-ақпараттық кеңістігіндегі рөлі, медианың қазіргі даму тенденциялары, шынайы ақпаратты саралау және әлеуметтік желіні тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.

                                                                           

Сөз алған Ерқанат Көпжасарұлы жастарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби адалдық пен білімнің маңызын тілге тиек етті:  «Сөздің қуаты мен салмағын түсіну – әрбір саналы азаматтың, әсіресе болашақ маманның басты парызы. Ақпарат тасқыны артқан заманда шынайылықты танып, саналы таңдау жасай білу керек. Тілге деген құрмет, өз ісіңе деген адалдық пен үздіксіз ізденіс қана адамды парасатты биікке жеткізеді. Жастар елдің ақпараттық әрі мәдени дамуына өзіндік үлесін қосудан тартынбауы тиіс».

                                                                           

Шараның екінші бөлігі «Ашық микрофон» форматында өтіп, еркін сұхбатқа ұласты. Студенттер тележурналистің шығармашылық жолы, өмірлік ұстанымдары мен шабыт көздері төңірегінде сауалдар қойып, мазмұнды пікір алмасты.