Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы «STARTUP-TOMIRIS» стартап-жобалар байқауы жеңімпаздарын марапаттады.  Аталған байқауға университеттің 5 факультетінен 56 команда қатысып, үздік деп танылған 10 команда 10 000 000 теңгелік қаржылай қолдауға ие болды.

                                                                          

Байқаудың жабылу салтанатында сөз алған ректор Бейбіткүл Кәрімова білім алушылардың белсенділігі мен идеяларының өзектілігін жоғары бағалады: «Студенттеріміз бен менторларымыз білім беруді цифрландыру, экология, жасанды интеллект және ұлттық мұраны жаңғырту бағытында заман талабына сай шешімдер ұсынды. Біздің мақсатымыз – университет түлегі тек білікті маман емес, жаңа жұмыс орнын аша алатын кәсіпкер де болуы».

                                                                           

Қазылар алқасы сараптамалық бағалауды 3 сарапшының қатысуымен, 8 арнайы критерий бойынша бағалады. Жеңіске жеткен 10 команда бөлінген гранттық қаражатты өз стартаптарын өндіріске енгізу мен практикалық жүзеге асыруға бағыттамақ.

                                                                           

Атап айтқанда, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінен «Тұмар», «Шамшырақ» және «Шабыт» командалары, Педагогика және психология факультетінен «Tap.psy team», «CampusSport team» мен «Qoldau» топтары, Физика, математика және цифрлық технологиялар факультетінен «Galactica» мен «Sparts» командалары, сондай-ақ Жаратылыстану факультетінен «EcoClean Innovators» және «Bilimix» командалары жеңіске жетті.

                                                                           

Жоба студенттердің кәсіпкерлік құзыреттілігін дамытуға, ғылыми-инновациялық идеяларды өндіріске енгізуге және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға бағытталған.