Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарына спорттық жүрістен қатысып, ел намысын қорғаған QyzPU-дың «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Ясмина Тоқсанбаеваға, сондай-ақ Грекияда өткен әлем чемпионатында самбодан күміс жүлдегер атанған Қарақат Рахыбай мен қола жүлдегер Диляра Егізбайға құрмет көрсетті.

Кездесу барысында Бейбіткүл Сәрсемханқызы спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысы жастарға үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, жаңа белестерді бағындыруына сенім білдірді:

«Студенттеріміздің халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғауы – университет пен отандық спорттың маңызды жетістігі. Ясмина, Қарақат және Диляраның еңбекқорлығы мен табандылығы қатарластарына үлгі. Университет дарынды студенттердің спорттық әлеуетін дамытуға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп атап өтті ректор.

Кездесу соңында университет басшылығы спортшылар мен олардың жаттықтырушысына алғыс айтып, алдағы жарыстарда жаңа жеңістерге жетуіне тілектестік білдірді.