Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті ұйымдастырған Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған форумға қатысты. Іс-шараға жоғары оқу орындарының басшылары, әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректорлар, жетекші ғалымдар мен сала сарапшылары қатысып, жоғары білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Күн тәртібінде жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің жаңа моделі, білім беру мазмұнын жетілдіру, халықаралық ықпалдастық, студенттерді әлеуметтік қолдау және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім саласындағы негізгі жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталып, Мемлекет басшысының салаға қатысты тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Шеглова «AI-Sana» ұлттық қозғалысын жүзеге асыру мәселелері бойынша баяндама жасады. Ал Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жоғары білім беру жүйесінде студенттерді әлеуметтендірудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Комитет төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева «Жоғары білім берудің мазмұны және халықаралық интеграция: реформалардан нәтижеге дейін» тақырыбында сөз сөйлеп, білім беру саласындағы реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды.

Сонымен қатар форумда жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның ғылыми-инновациялық саясаты, университеттердің даму перспективалары, білім беруді интернационалдандыру және жоғары білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Жиында білім беру реформаларын тиімді жүзеге асырудағы жоғары оқу орындары басшыларының жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысы бойынша жоғары білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар жоғары оқу орнының ректорлары, соның ішінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова арнайы медальмен марапатталды.

