Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану факультеті Биология кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен студенттерге арналған «Кәсіпкермен кездесу» атты іс-шара өтті.

Шараның мақсаты – студенттерді кәсіпкерлік, логистика және инновациялық жобалар саласындағы тәжірибемен таныстыру, жастардың кәсіби бағдарын кеңейту, заманауи еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді түсіндіру, сондай-ақ тұлғалық даму мен көшбасшылық бойынша практикалық кеңестер беру.

Кездесудің басты қонағы – Jana Post Kazakhstan негізін қалаушы, Golden Bridge Partners компаниясының директоры, ant_community_kz кәсіпкерлер экожүйесінің өкілі Болатбек Дәлелханұлы. Спикер жиын барысында бизнес жүргізудің негізгі қағидалары, логистика саласының дамуы, инновациялық жобалардың маңызы және үздіксіз ізденістің табысқа жетудегі рөлі туралы баяндады: «Заманауи білім тек теориямен шектелмей, инновациямен және кәсіпкерлік ойлау жүйесімен ұштасуы тиіс. Қай салада оқысаңыздар да, дұрыс мақсат қойып, кәсіби орта қалыптастыра білу мен өзгерістерге бейімделу – болашақта бәсекеге қабілетті маман болудың басты кепілі».

Кездесуде кәсіпкерлік қызметтегі тәуекелдерді азайту, мақсатты дұрыс айқындау және өзгеретін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болудың сараптамалық тәсілдері қарастырылды. Сонымен қатар қатысушылар инновациялық жобаларды жүзеге асыру, білікті орта өсіру және тұлғалық дамудың кешенді тетіктері бойынша өзара пікір алмасты.

Жиын биология мамандығында білім алушыларға кәсіби білімді инновация мен кәсіпкерлікпен ұштастырудың маңыздылығын түсіндіріп, болашақ мамандардың кәсіби бағдары мен тұлғалық дамуына бағыт-бағдар берді.

