Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде PhD докторанттар, жас зерттеушілер мен университет өкілдеріне арналған «Жоғары оқу орындарындағы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері: табысты коммерцияландыру тәжірибесі» атты ғылыми семинар өтті.

Шараның мақсаты – докторанттардың ғылыми зерттеу нәтижелерін практикаға енгізу бойынша білімін тереңдету және зерттеулердің әлеуметтік-экономикалық құндылығын арттыру тетіктерін түсіндіру. Семинарда Farabi Supercomputer Center директоры, «Ғылымды коммерцияландыру бойынша Қазақстандық одақ» РҚБ вице-президенті Әмірхан Темірбаев баяндама жасап, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың негізгі кезеңдерін, зияткерлік меншікті қорғау, инвесторлар тарту және ғылыми жобаларды нарық сұранысына бейімдеу жолдарын сараптады.

Кездесу барысында қатысушылар ғылыми нәтижені бастапқы идеядан дайын өнімге және қызметке дейін жеткізу кезеңдерін, ықтимал тәуекелдерді азайту тәсілдерін және жоғары оқу орны мен бизнес арасындағы серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ отандық табысты коммерцияландыру тәжірибелеріне шолу жасалып, жобалардың қолданбалы маңызы мен нарықтық әлеуетін айқындауға ерекше назар аударылды.

Жиын соңында PhD докторанттар мен жас зерттеушілер өз зерттеулерінің қолданбалы мүмкіндіктерін бағалау мен ғылыми нәтижелерді қоғам мен экономика игілігіне тиімді енгізу бойынша практикалық әдістемелік бағдар алды.
