Түркия астанасы Анкара қаласында «Түркі әлеміндегі құрылтай дәстүрі: тарихи жады және мемлекеттілік» атты халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен және Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен өткен жиын аясында «Құрылтай феномені» кітабының түрік тіліндегі нұсқасы таныстырылды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Анкара қаласындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу сөз сөйледі. Қатысушылар түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасын зерделеу мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті.

Ғылыми отырысты профессор, доктор Жәмила Кнажы Баран жүргізді. Ол құрылтай дәстүрінің түркі халықтарының тарихи санасы мен саяси мәдениетіндегі орнына тоқталып, бұл тақырыптың мемлекеттілік тәжірибесін, ортақ тарихи жадты және қоғамдық келісім қағидаттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Академиялық бөлімде Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессоры Фырат Пурташ, Хажеттепе университетінің профессоры Сейфи Йылдырым және Нийде Өмер Халисдемир университетінің профессоры Мехмет Екиз ғылыми баяндамалар жасады.

Жоба жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен кітаптың ғылыми маңызын таныстырды. Кездесу барысында қатысушылар құрылтай дәстүрінің тарихи бастауларын, мемлекеттік институт ретіндегі мәнін және қазіргі қоғамдық-саяси үдерістердегі орнын талқылады.

Омархан Өксікбаев бауырлас Түркия елінде кітаптың түрік тілінде таныстырылуының маңызына тоқталып, бұл бастама қазақ халқының тарихи мұрасын халықаралық ғылыми ортаға танытуға, түркі халықтарының рухани жақындығы мен ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Құрылтай феномені» зерттеуінің бастамашысы әрі авторы Омархан Өксікбаев шығыстанушы, түрколог-лингвист ғалым Зәріпбай Жұманұлы Оразбаймен бірлесіп, ортағасырлық деректерді жүйелеп, құрылтай институтының тарихи негіздерін зерделеген. Еңбек Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты жанындағы «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми ізденістерінің нәтижесі.

Бұған дейін кітаптың тұсаукесеріне орай университетте «Құрылтай – мемлекеттік институт тұғыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада және Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ғылыми-мәдени кездесулер өткен болатын.

Кітаптың түрік тіліндегі нұсқасының таныстырылуы қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға, түркі дүниесіндегі ортақ құндылықтарды тереңірек зерделеуге және академиялық байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

