Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Қытайдың Цицикар инженерлік институтының делегациясымен кездесті.

                                                           

Кездесуге институттың негізін қалаушы әрі президенті, профессор Цао Юнъань, вице-президенттер Бай Сюэ мен Чжан Цзин, сондай-ақ Медицина факультетінің деканы Сунь Цян қатысты.

                                                                

Тараптар бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде қос дипломды бағдарламаларды іске асыру, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен әкімшілік қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жетілдіру және университетті басқару тәжірибесімен алмасу мүмкіндіктері талқыланды.

                                                               

Бейбіткүл Кәрімова халықаралық академиялық әріптестіктің білім беру сапасын арттыруға және университеттердің тәжірибе алмасуына жол ашатынын атап өтті.

                                                               

«Қытайдың жоғары оқу орындарымен байланысты кеңейту біз үшін маңызды. Цицикар инженерлік институтымен серіктестік аясында білім беру мен ғылым саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол деп сенемін», – деді ректор.

                                                                

Өз кезегінде Цао Юнъань Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен стратегиялық серіктестік орнатуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

                                                               

1966 жылы құрылған Цицикар инженерлік институты Қытайдың Хэйлунцзян провинциясындағы Цицикар қаласында орналасқан. Оқу орны инженерлік-техникалық, менеджмент, медицина және өнер бағыттары бойынша 24 бакалавриат бағдарламасын ұсынады. Қазіргі уақытта институтта 8 100-ге жуық студент, оның ішінде 1 500-ден астам халықаралық студент білім алады.