Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Ланьчжоу университетінің Жоғары білім институтының директоры Лю Цайчэнь бастаған делегациямен кездесті.

                                                          

Кездесу барысында тараптар «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығын» құру перспективаларын, сондай-ақ осы орталық арқылы екі аймақ арасындағы білім беру және ғылыми байланыстарды нығайту, бірлескен зерттеулерді дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар докторанттарға арналған қос дипломды бағдарламаны іске асыру және академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру бағыттары қарастырылды.

                                                                

Қазіргі уақытта аталған бағдарлама аясында 10 докторантты қабылдауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі оқу орнының өкілдері бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын жолға қою, мәдени-білім беру бастамалары мен тілдік жобаларды қолдау мәселелерін талқылады.

                                                               

1909 жылы құрылған Ланьчжоу университеті Қытайдың жетекші мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі саналады және «985» пен «211» ұлттық жобаларына қатысады. Екі университет арасындағы серіктестік аясында 2025 жылғы желтоқсанда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, 2026 жылғы мамырда қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

                                                                

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар білім мен ғылым саласындағы екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға және жоспарланған бірлескен жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға келісті.