Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Парасатты ұлт – сапалы қоғам» жобасы аясында көрнекті қаламгер, жазушы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Камал Әбілқасымқызы Әлпейісовамен «Жайдарман жүрек» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті.

Шараны ашқан Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева:
«Университетімізде өтіп жатқан «Парасатты ұлт – сапалы қоғам» жобасы жастарға рухани тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған. Бүгінгі әдеби-сазды кеш – елге белгілі қаламгер, аударма саласының көрнекті өкілі Камал Әбілқасымқызының мол тәжірибесімен бөлісуге арналған ерекше жүздесу. Болашақ педагогтер үшін мұндай тұлғалардың еңбек жолы мен сөз өнеріндегі қолтаңбасы үлкен өнеге болады.», - деп атап өтті.

Басқосуға университет студенттері мен оқытушылары, арнайы шақырылған қадірлі қонақтар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында қаламгердің баспасөз саласындағы еңбек жолы, мемлекеттік қызметтегі және ілеспе аударма саласындағы көпжылдық тәжірибесі таныстырылды. Басқосуда әдебиет пен аударма өнерінің өзекті мәселелері, ана тілінің мәртебесі және ұлттық қыз тәрбиесі төңірегінде мазмұнды ойлар айтылды.
Камал Әлпейісова сөз өнері мен ана тілінің мәртебесін сақтау әрбір ұрпақтың басты міндеті екеніне тоқталып, ұлттық құндылықтар мен қыз тәрбиесі қашан да бірінші орында тұруы тиіс екенін атап өтті..

Кездесу соңында студенттер сөз өнері, аударма ісі және ұлттық тәрбие мәселелері бойынша көкейкесті сауалдарына жауап алып, өзара пікір алмасты.


